STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Sunwah Group корпорациясының төрағасы Цай Гуаньшэньді қабылдады. Кездесудің басты мақсаты — Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік стратегиялық серіктестікті нығайту және Астанада негізі қаланған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жемісті нәтижелерін қорытындылау.

Әңгімелесу барысында Қытайдың Қазақстан үшін ең ірі сауда серіктесі екені және тауар айналымының рекордтық межелерді бағындырып келе жатқаны ерекше аталды. Президент Қазақстанның шетелдік капитал тартуға барынша қолайлы жағдай жасап отырғанын және стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Инвестициялық ықпалдастықпен қатар, тараптар заманауи технологиялар трансферті мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Мемлекет басшысы әлемнің жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын айта келе, Қытайдың бұл бағыттағы жаһандық көшбасшылығына жоғары баға берді. Осы орайда Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында қытайлық ірі компаниялармен тығыз жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға ниетті екенін растады.

