STEPPENEWS.KZ: Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуы аясында Қазақстанның ұстамды позициясы назар аудартады. Ресми Астана кесіп-пішіп мәлімдеме жасаудан қашқақтап, дипломатиялық тепе-теңдікті дәйекті түрде жақтап келеді. Сыртқы саясаттағы мұндай бағыт ұлттық және аймақтық мүдделерге негізделген прагматикалық көзқарасты аңғартады.
Бұл мүдделердің мәні неде екенін Qazaq Expert Club халықаралық қатынастар саласындағы сарапшысы Меруерт Шәкірова түсіндіреді.
«Астана дипломатиялық диалогты сақтауға мүдделі. Неге?
Біріншіден, Иран — Қазақстанның аймақтағы ірі сауда серіктестерінің бірі. Ұлттық статистикалық органдардың дерегінше, соңғы жылдары екіжақты сауда айналымы 300–500 млн доллар төңірегінде болса, тараптар қолайлы саяси-логистикалық жағдайда бұл көрсеткішті 600–700 млн долларға дейін жеткізу әлеуеті бар екенін талай мәрте мәлімдеген. Қазақстан экспортының негізін дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы өнімдері (астық, ұн және т.б.), сондай-ақ металлургия мен мұнай-химия тауарлары құрайды. Ирандағы кез келген ішкі немесе сыртқы саяси сілкіністер экспорттаушылар мен логистикалық тізбектер үшін үлкен тәуекел тудырады.
Екіншіден, Иран Ресей, Қазақстан, Иран, Үндістан мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінде стратегиялық рөл атқарады. Бағыттың жалпы ұзындығы шамамен 7 мың шақырымды, ал әлеуетті өткізу қабілеті жылына 25–30 млн тонна жүкті құрайды. Қазіргі уақытта нақты тасымал көлемі 15–20 млн тонна деңгейінде қалып отыр, бұл транзиттік әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай жатқанын көрсетеді. Қазақстан үшін бұл дәліз — сыртқы сауданы әртараптандырудың және Ресей мен Еуропа арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға тәуелділікті азайтудың стратегиялық құралы.
Үшіншіден, Иран — Каспий маңындағы бес елдің бірі. Қазақстан үшін Каспий — экономикалық мүдделердің түйіскен жері. Мұнай экспортының 70%-ы Каспий бағыттары арқылы өтсе, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қазақстандық мұнайдың әлемдік нарыққа шығуының 80%-ын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Иран күніне 3–3,5 млн баррель мұнай өндіріп, оның 1,5–2 млн баррелін экспортқа шығаратын әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің қатарында қала береді.
Сондай-ақ Иранның Таяу Шығыс пен Орталық Азия қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өткен жөн. Ол Сирия, Ирак және Ауғанстандағы жағдайға ықпал ете алады. Иранның әлемдік теңіз мұнай саудасының 20%-ы өтетін Ормуз бұғазын бақылауы — кез келген эскалацияны жаһандық қауіп факторына айналдырады.
Қазақстан экономикасы сыртқы нарықтарға тікелей тәуелді: экспорт ел ЖІӨ-нің 35–40%-ын құрайды. Сондықтан негізгі транзиттік және энергетикалық аймақтардағы тұрақтылық — біздің экономикалық орнықтылығымыздың басты шарты».

