STEPPENEWS.KZ: Қазақстандық әзілкеш әрі тележүргізуші Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына 50 жылға кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы бірқатар ресейлік және қазақстандық медиа мен телеграм-арналар хабарлады. Алайда ресми органдар бұл ақпаратты әзірге растамады.
Мәліметтерге сәйкес, 34 жастағы Сабуров Дубайдан Мәскеудегі «Внуково» әуежайына келген кезде шекара қызметкерлері тарапынан тоқтатылған. Ол елге кіргізілмей, кері рейсті күтуге жіберілген. Кей дереккөздер шектеу 2025 жылдың 30 қаңтарынан бастап күшіне енгенін айтады.
РИА Новости таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін Сабуров Ресейдің миграциялық ережесін бұзып, елде рұқсат етілген мерзімнен артық болған. Ал ресейлік телеграм-арналар бұл шешімді әзілкештің соғысқа қатысты сыны және ұлттық қауіпсіздік мүдделерімен байланыстырады. Сонымен қатар, қаржылық және салық заңнамасын бұзды деген нұсқалар да айтылып жүр.
Қазіргі таңда бұл жағдайға қатысты Федералдық қауіпсіздік қызметі мен басқа да ресми құрылымдардан нақты түсініктеме берілген жоқ. Сондықтан Нұрлан Сабуровқа 50 жылдық тыйым салынғаны туралы ақпарат бейресми дереккөздерге ғана сүйеніп отыр.

