STEPPENEWS.KZ: 4 ақпанда, Қытайдың ай күнтізбесі бойынша көктемнің алғашқы күнінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Ресей Президенті Владимир Путинмен бейнебайланыс арқылы кездесу және АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесу өткізді.
Жыл басынан бері халықаралық жағдай барған сайын құбылып барады. Қытай-Ресей және Қытай-АҚШ бағытындағы мемлекет басшылары деңгейіндегі екі дипломатиялық кездесудің бір күнде өтуі және онда айтылған түйінді сөздердің астары терең.
Диалог пен байланыс
Жақында Қытайдың жаңа жылы келеді. Осы ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алатын сәтте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өткен жылғы Қытай-Ресей және Қытай-Америка қатынастарының жетістіктерін қорытындылап қана қоймай, болашақ бағдарды да айқындады. Сарапшылардың пайымдауынша, оның барлық сөзінен өзара сенімді нығайту мен байланысты тереңдету идеясы айқын көрінеді.
Ресей басшысымен өткен бейнекездесуде Қытай Төрағасы 2026 жылы «екі тарап тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандыруы тиіс» екенін қадап айтты. Сондай-ақ ол екі басымдықты атап өтті: «тереңірек стратегиялық іс-қимыл және ірі державалардың белсенді әрі жауапты рөлі арқылы Қытай-Ресей қатынастарының дұрыс арнада дамуын қамтамасыз ету».
АҚШ Президентімен телефон арқылы сөйлескенде ҚХР Төрағасы: «Екі тарап қол жеткізілген уағдаластықтарға сүйене отырып, диалог пен байланысты нығайтуы, келіспеушіліктерді тиімді реттеуі тиіс», — деді. Сонымен қатар ол: «Кішкентай болса да жақсылықтан аттап кетпеу керек, кішкентай болса да жамандыққа бармау керек; әр істі сабырмен атқарып, өзара сенімді біртіндеп нығайта отырып, бірге өмір сүрудің дұрыс жолын табу қажет», — деп атап көрсетті.
Ірі державалар арасындағы оң ықпалдастық жаһандық стратегиялық тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді. Әр елдің тарихы, мәдениеті мен ұлттық ерекшелігі әртүрлі болғанымен, кез келген жағдайда текетірестен көрі диалог құру әлдеқайда тиімді. Байланыс пен ынтымақтастықты нығайту — екіжақты қатынастарды жүйелі дамытудың жалғыз жолы.
Бейнекездесу барысында Владимир Путин Ресей тарапының жаңа жылда Ресей-Қытай қатынастарына үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді. Ал Дональд Трамп: «Мен Қытайдың жетістіктеріне қуаныштымын, Америка тарапы Қытаймен ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуге дайын», — деп мәлімдеді.
Іс жүзіндегі ынтымақтастық
«Барлық салада іс жүзіндегі ынтымақтастықты нығайту» және «іс жүзіндегі ықпалдастықты кеңейту» — ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 4 ақпанда Ресей және АҚШ басшыларымен сөйлескенде екі жағдайда да осы ұғымдарға тоқталды.
Қазіргі уақытта экономикалық жаһандану үрдісіне кейбір кедергілер жасалып жатқанына қарамастан, әлем ешқашан оқшаулану мен бытыраңқылыққа қайта оралмайды. Бұған дейін Си Цзиньпин атап өткендей, көпжақтылық — жаһандық қиындықтарды еңсерудің баламасыз жолы, ал экономикалық жаһандану — тоқтатуға келмейтін тарихи процесс.
Жыл басынан бері Батыс елдерінің басшылары Қытайға жиі келе бастады. Сарапшылар бұл құбылысты әлемдік тұрақсыздық жағдайында Қытайдың орнықтылық танытып отырғанымен түсіндіреді. Жақында Канада премьер-министрі Карни де Қытайдың «тұрақты әрі болжамды» ел екенін атап өтті.
Биыл Қытайдың «он бесінші бесжылдық жоспарын» іске асырудың алғашқы жылы. Президент Путинмен әңгімелесу барысында Си Цзиньпин: «Қытай тарапы жоғары деңгейдегі ашықтықты одан ары белсенді түрде кеңейтіп, Ресейді қоса алғанда, әлемнің барлық елдерімен дамудың жаңа мүмкіндіктерін бөлісетін болады», — деді.
Президент Трамппен сөйлескенде ол: «Мен сізбен бірге Қытай-Америка қатынастары атты алып кемені толқындар мен дауылдардан аман өткізіп, оның нық қадаммен алға басуын қамтамасыз етуге, көптеген игі де ауқымды істерді атқаруға дайынмын», — деп мәлімдеді.
Әділдік пен ақиқат
Соңғы кездері біржақты әрекеттер, протекционизм мен күш көрсету саясаты белең алып, халықаралық тәртіпке нұқсан келуде. Ғасыр бойы болмаған түбегейлі өзгерістер жағдайында барлық елдер болашақ жолы туралы толғануда.
Ресей Президентімен кездесуде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Ресей халықаралық қауымдастықтың әділдік пен ақиқат қағидаттарын ұстануына ықпал етуге, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс нәтижелерін қорғауға, БҰҰ негізіндегі халықаралық жүйені және халықаралық құқықтың іргелі нормаларын қолдауға, жаһандық стратегиялық тұрақтылықты бірлесе сақтауға міндетті екенін айтты.
Ірі державалар арасындағы бейбітшілік — бүкіл әлемдегі тыныштықтың кепілі. АҚШ Президентімен сөйлесу кезінде Си Цзиньпин теңдік, құрмет және өзара тиімділік негізінде бір-біріне қадам жасаған жағдайда ғана тараптардың ортақ шешім таба алатынын атап өтті.
Тайвань мәселесі — Қытай-Америка қатынастарындағы ең маңызды түйткіл. Осыған байланысты Қытай Төрағасы: «Тайваньның бөлініп кетуіне ешқашан жол берілмейді», — деп Қытай тарапының ұстанымын тағы бір мәрте нақтады.
Халықаралық ахуал тез құбылып жатыр, сондықтан ірі державалар өз мәртебесіне сай болып, тиісті жауапкершілікті арқалауы тиіс.
Си Цзиньпин 2026 жылғы Жаңа жылдық құттықтауында айтқандай, Қытай әрқашан тарихтың дұрыс жағында тұрады және адамзаттың ортақ тағдырының қоғамдастығын қалыптастыру арқылы әлемдегі бейбітшілік пен дамуды өзге елдермен бірге ілгерілетуге дайын.
