STEPPENEWS.KZ: Қазақстан 18 жылдық үзілістен кейін 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Бұл — елдің спорттық әлеуетін және ірі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын көрсететін маңызды мүмкіндік.
Қазақстан бұған дейін 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын табысты өткізіп, халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болған. Сол кезеңде Астана мен Алматыда заманауи спорт нысандары салынып, бүгінде олар спортшыларды даярлауға, халықаралық жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты дамытуға пайдаланылып келеді.
Еліміз ірі спорттық іс-шараларды өткізу бойынша да мол тәжірибеге ие. 2017 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік қысқы Универсиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ел аумағында жыл сайын қысқы спорт түрлерінен халықаралық жарыстар өтіп келеді.
Алдағы қысқы Азия ойындарын қолданыстағы инфрақұрылым негізінде өткізу жоспарланған. Қосымша ірі спорт нысандарын салу көзделмейді, бар спорт кешендері жарыс бағдарламасына енген барлық спорт түрлерін қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі қарқынды дамып келеді.

