STEPPENEWS.KZ: 5 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуалға арналған республикалық штабтың отырысы өтті. Жиынға әкімдердің орынбасарлары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары және аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылары қатысты.
Отырыста елдегі қызылшаға қатысты қазіргі жағдай, аурудың алдын алу шараларын күшейту және халықты вакцинациялаумен қамтуды арттыру мәселелері қаралды. Министрлік тарапынан барлық қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қабылданып жатқанымен, жағдай әлі толық тұрақталған жоқ. Инфекцияның таралуына басты себеп – вакцинациядан бас тарту.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың соңынан бастап қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Эпидемиологиялық талдау науқастардың басым бөлігі вакцинацияланбаған азаматтар екенін көрсеткен.
Атап айтқанда, пациенттердің 79%-ы мүлде егілмеген, 8,4%-ы вакцинацияның толық курсын алмаған, ал 10%-ның иммундық мәртебесі анықталмаған. Ерекше алаңдататыны – вакцинацияланбаған балалардың шамамен 59%-ы ата-аналарының шешімімен егуден өтпеген.
Ағымдағы жылдың басынан бері республика бойынша қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелді. Аурушаңдық деңгейі ең жоғары өңірлер қатарында Астана қаласы (581 жағдай), Жамбыл облысы (339), Алматы қаласы (317) және Алматы облысы (146) бар.
Қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Вакцинация болмаған жағдайда ол ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің төмендеуі, жүйке жүйесінің зақымдануы, соның ішінде энцефалит сияқты қауіпті асқынуларға, сирек жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, қызылшадан кейін адамның иммундық жүйесі ұзақ уақытқа әлсірейді.
Ауру әсіресе жас балалар, вакцинацияланбаған ересектер, жүкті әйелдер, сондай-ақ иммунитеті әлсіз және созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Жүкті әйелдерде қызылша түсік тастауға, мерзімінен бұрын босануға және ауыр асқынуларға себеп болуы мүмкін.

