STEPPENEWS.KZ: Еуропалық Euronews телеарнасы Қазақстанның қысқы туристік әлеуетін көрсететін «Modern Nomads» бағдарламасының жаңа эпизодын ұсынады. Бұл эпизод биыл ақпан айында 11 тілде көрсетіліп, әлемнің 160-тан астам еліндегі халықаралық аудиторияға жетеді.
Түсірілімді ұйымдастыру мен өткізуге Kazakh Tourism, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі және Auyl мейрамханасы қолдау көрсетті.
Бағдарламада Алматы тау кластерінің инфрақұрылымы мен дамуы көрсетіледі. Euronews шығармашылық тобы Орталық Азиядағы танымал туристік бағытқа айналған «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында болды. Көрермендер заманауи аспалы жолдарды, күрделілігі әртүрлі трассаларды және кешендегі туристік инфрақұрылым нысандарын тамашалай алады.
Сонымен қатар, бағдарламада өңірдің ең танымал табиғи нысандарының бірі — Үлкен Алматы көліне де ерекше көңіл бөлінді.
Алматының гастрономиялық әлеуеті беделді халықаралық 50 Best Discovery рейтингіне енген Auyl мейрамханасы арқылы таныстырылады. Шетелдік көрермендер ұлттық асхананың заманауи мәзірімен және Қазақстанның гастрономиялық дәстүрлерімен жақынырақ танысады.
Айта кету керек, Euronews телеарнасының жалпы аудиториясы 400 миллионнан астам көрерменді құрайды. Бұл бағдарлама Қазақстанды қысқы туризм үшін тартымды бағыт ретінде кең халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

