STEPPENEWS.KZ: Кезіндегі Қарасаздың қара баласы бүгінде 95-тегі қазыналы қарт тұлға. Адам ана дүниеге аттанғанда емес, жадыңнан шыққанда, тірілер ұмытқанда ғана шын өледі. Мұқаңның қайтқанына 50 жыл өтсе де аты да, артынан қалған заты да ел есінде. Оған ақпанның алғашқы сағаттарынан-ақ ұйымдастырылатын әдеби-сазды кештер мен үлкенді-кішілі концерттер дәлел.

Биыл да Алматы сахналары бұл атаулы күнде ақынның әндері мен өлеңдерін жырлап, ерекше дайындалған. Соның бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі, Алматы облысының музейлер бірлестігіне қарасты Мұқағали Мақатаевтың мемориалды музейі және Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты кеші. Кеш барысында ақынның көзін көргендер мен оның мұрасын қастерлеушілер Мұқаң туралы тебірене сыр шертті. Атап айтқанда, ақынның келіні Бақыткүл Мақатаева, танымал ақын Бақыт Беделхан және «Мұқағали» журналының бас редакторы сөз алып, мұзбалақ ақынның болмысы мен шығармашылық әлеміне тоқталды. Сахна төрінде «Есіңе мені алғайсың», «Жапырақ жүрек жас қайың» сынды жұрт жүрегінен орын алған әуезді әндер шырқалып, жалынды жырлар оқылғанда, көрермендер ерекше әсерге бөленді. Ақын рухымен сырласқан мұндай сәттер жиналған қауымды бірде мұңайтып, бірде жігерлендіріп, Мұқағали поэзиясының мәңгілік екенін тағы бір мәрте ұғындырғандай болды.


Шараның ең әсерлі тұсы — музей қорының құнды жәдігерлермен толығуы еді. Бақыткүл Мақатаева ақынның өз қолы тиген кеселерін, шет тілдеріне аударылған кітаптары мен күнделіктерін, өлең жинақтарын музейге салтанатты түрде табыс етті. Ал арнайы ұйымдастырылған көрмеден Мұқаңның тірісінде киген пальтосы, костюм-шалбары мен былғары күртешесін (кожанка) көріп, ақын бейнесін көз алдымызға әкелдік. Түрлі портреттерден менмұндалаған ақынның отты жанары мен осы жәдігерлер кештің шырайын ашып, ақиық ақынның бейнесін заңғарлата түсті.


