STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы қорытындылары жарияланды. Қазіргі таңда емтихан тапсырған 139 мың үміткердің бір бөлігі ереже бұзғаны үшін сынақтан шеттетілді.
Ұлттық тестілеу орталығы таратқан мәліметке сәйкес, қатысушылардың 69%-ы ғана шекті балл жинай алған. Орташа көрсеткіш 64 баллды құраса, ең жоғары нәтиже 138 баллға жетті. Биылғы сынаққа ерекше білім беру қажеттіліктері бар 328 талапкер де қатысып, өз бағын сынады. Тілдік таңдау бойынша басым көпшілік, яғни 76%-ы қазақ тілінде тапсырса, 24%-ы орыс тілін, ал 86 адам ағылшын тілін таңдаған.
Дегенмен, тестілеу кезінде тәртіп бұзғандардың саны да аз емес. Атап айтқанда, тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 152 адам сынаққа жіберілмесе, аудитория ішінде ереже бұзған 92 талапкердің жұмысы жойылды. Орталық мамандары бөгде тұлғалардың қатысуы сияқты заңсыздықтар тіркелмегенін айтады. Қаңтардағы ҰБТ маусымы 10 ақпанға дейін жалғасады.

