STEPPENEWS.KZ: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 2026 жылдың 4–7 ақпан күндері Қатар мемлекетінің астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтеді. Аталған мәдени бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар еліне жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтар аясында ұйымдастырылып отыр. Іс-шара Қазақстан мен Қатар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге, сондай-ақ қазақтың ұлттық мәдениетін халықаралық кеңістікте кеңінен танытуға бағытталған.
Мәдениет күндерінің негізгі алаңы ретінде Дохадағы «Дарб Аль-Саги» мәдени-тарихи орталығы таңдалған. Бағдарлама аясында гала-концерттер, тақырыптық музыкалық кештер, көрмелер мен ағартушылық бағыттағы шаралар өтеді. Келушілерге Қазақстанның дәстүрлі және заманауи өнерінің үздік үлгілері ұсынылып, ұлттық музыка мен би, қолданбалы және бейнелеу өнері, сахналық мәдениет пен ұлттық киім үлгілері кеңінен таныстырылады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыратын мәдениет күндері шеңберінде мазмұны бай бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарланған.
Атап айтқанда, 4 ақпан күні қазақстандық өнер шеберлерінің қатысуымен салтанатты гала-концерт өтеді. Концерттік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қазақ халық аспаптары оркестрі мен «Бірлік» би ансамблі өнер көрсетеді. Сондай-ақ сахнаға Қазақстанның халық әртісі Әлішер Кәрімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев, Зарина Алтынбаева, Мария Мудряк, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Рухия Байдүкенова, Расул Жармағамбетов, Назым Сағынтай және өзге де белгілі мәдениет өкілдері шығады. Бағдарламада қазақтың классикалық музыкалық мұрасы, халық ән-күйлері, сондай-ақ симфониялық өңдеудегі заманауи шығармалар орындалады.
Ал 6 ақпан күні көрермен назарына «Joshy» этно-фольклорлық ансамблінің жеке концерті ұсынылады. Ұжым халықтық әндер мен күйлерді дәстүрлі музыкалық аспаптарда және заманауи интерпретацияда орындайды.
Мәдениет күндері барысында ұлттық салт-дәстүрлер мен дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеуге де ерекше көңіл бөлінеді. Іс-шараларға Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық ұжымдар, дәстүрлі өнер шеберлері, қолөнершілер мен ұлттық тағамдарды ұсынатын аспаздар қатысады. Көрермендер үшін қазақ халқының мәдени мұрасы мен елдің шығармашылық әлеуетін тереңірек танытуға бағытталған таныстырылымдар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

