STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз онлайн-казино қызметін ұйымдастырды деген күдікпен екі шетел азаматын іздеуге жариялады. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер — АҚШ азаматы Дмитрий Дружинский мен Украина азаматы Марина Левкович деп хабарлайды Steppenews.kz Syrmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған тұлғалар Қазақстан аумағында тыйым салынған онлайн-казино қызметін PIN-UP және PINCO брендтері арқылы жүзеге асырған. Бұл жобалар шетелде тіркелген компаниялар арқылы басқарылып отырған.
Заңсыз қызметті жасыру мақсатында Қазақстанда «Бонами» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, ол PIN-UP.KZ атауымен букмекерлік лицензия алған. Алайда тергеу барысында компания лицензияланған букмекерлік қызметтен бөлек, онлайн-казино ұйымдастырумен айналысқан деген күдік туындаған.
Қаржылық ағындар да күрделі схема арқылы жүргізілген. Ойыншылардың қаражаты алдымен түрлі төлем компаниялары арқылы қабылданып, кейін криптовалютаға айналдырылып, шетелге шығарылғаны анықталған. Бұл әрекеттер заңсыз табысты жасыру және қаржыны бақылаудан тыс айналымға енгізу мақсатында жасалған болуы мүмкін.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары аталған іс бойынша тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Күдіктілердің нақты орналасқан жері анықталып, оларды жауапкершілікке тарту үшін халықаралық іздестіру шаралары қолға алынған.

