STEPPENEWS.KZ: Алматы полициясы дүкенде сатып алушыны соққыға жығып, алтын әшекейін тартып алған күдіктіні жедел түрде қолға түсірді. Қазіргі уақытта қатыгездікпен жасалған тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әуезов ауданындағы азық-түлік дүкенінде болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан ер адамның әйелді аяусыз ұрып, бағалы мүлкін ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. Зардап шеккен азаматшаға дәрігерлік көмек көрсетіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, ұстау операциясын жүргізді. Ұрланған мүлік тәркіленіп, иесіне қайтарылды, ал ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

