STEPPENEWS.KZ: Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында көпбалалы отбасында орын алған ауыр қылмыс жұртшылықты дүр сілкіндірді. 29 қаңтар күні тұрмыстық жанжалдың соңы 44 жастағы әйелдің өлімімен аяқталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік барысында әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмған. Қайғылы оқиға салдарынан жеті бала анасыз қалды.
Өңірлік полиция департаменті аталған қылмысқа қатысты марқұмның күйеуі күдікті деп танылғанын хабарлады. Қазіргі таңда ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын, жанжалдың туындау себептерін егжей-тегжейлі зерттеу үстінде.
Аталған дерек негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі, яғни «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары оқиғаның объективті көрінісін анықтау мақсатында жан-жақты жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.

