STEPPENEWS.KZ: Instagram, TikTok, YouTube — барлығы бірдей көріністі қайта-қайта ұсынады. Әдемі таңғы ас, мінсіз дене бітімі, түрлі аралдарға саяхат, табысты мансап, бақытты отбасы. Бұл — “мінсіз өмір” иллюзиясы. Бірақ осы көріністің артында не жатыр?
«Мінсіз өмір» синдромы деген не?
Алдымен бұл ұғымды жан-жақты қарастырып көрейік. Психологияда бұл құбылыс көбіне social comparison (әлеуметтік салыстыру) ұғымымен байланыстырылады. Адам өз өмірін басқалардың әлеуметтік желідегі “үздік сәттерімен” салыстыра бастайды.
Америкалық психолог Леон Фестингердің теориясы бойынша, адам өзін бағалау үшін басқалармен салыстыруға бейім.Әлеуметтік желі бұл жағдайды үздіксіз, шексіз процесске айналдырды. Яғни ұшы-қиыры жоқ желі қолданушылары мен олардың таусылмайтын бақытты шақтары. Ал психологтар бұл синдромды “Мен жеткіліксізбін” деген ішкі сенімсіздіктің күшеюі деп сипаттайды.
Әлеуметтік желі кінәлі ме?
Кей мамандардың ойынша, проблема — платформаларда.
- Алгоритмдер әсерлі, жылтыр контентті алға тартады
- Күнделікті қарапайым өмір “қызықсыз” болып көрінеді
- Адам өзін көрсетілмейтін стандартпен салыстырады
Meta компаниясының ішкі зерттеулерінен кейін белгілі болғандай (2021 ж. қоғамға жарияланған), Instagram жасөспірім қыздардың дене бітіміне қатысты сенімсіздігін күшейте алады. Бұл фактіні компанияның өзі мойындаған.
Ал басқа психологтар мәселені тек желіден емес, медиасауатсыздықтан көреді. “Әлеуметтік желі — айна емес, сөре. Яғни ол жерде әркім мен әрдеңелер тұрады. Мұны түсінбеген адам ғана одан зардап шегеді” — деп жазады медиа-сарапшылар. Яғни, проблема — контентте емес, оны қалай қабылдайтынымызда.
Қазақстандық психологтардың айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында «бәріне үлгеру керек» деген ішкі қысым күшейген. Жастар табысқа жетуді ұзақ процесс емес, бір сәттік нәтиже ретінде елестете бастады. Әлеуметтік желіде жетістік көбіне «бір күнде өзгерген өмір», «қысқа жолмен келген табыс» форматында көрсетіледі. Дәл осы иллюзия жастардың өз өмір ырғағын қабылдауына кері әсер етеді. Соның салдарынан уақытты өткізіп алып жатқандай сезім, өзіне қанағаттанбау және тұрақты мазасыздық пайда болады.
«Мінсіз өмір» синдромы — әлеуметтік желінің емес, қоғамдық қысым мен ішкі сенімсіздіктің қосындысы. Былай айтқанда шынайы өмір — стористен тұрмайды.
