STEPPENEWS.KZ: Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қазақстандық балалардың шоттарына төлем қашан түсетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1 ақпан демалыс күніне сәйкес келгендіктен, қаражатты аудару 30 қаңтарға, жұма күніне жоспарланған. Азаматтар қаражаттың түскенін 31 қаңтар түстен кейін немесе 1 ақпан күні таңертең көре алады.
Төлем мөлшері алдын ала бекітілген. Әр балаға 130 доллардан тиесілі, бұл қазіргі бағам бойынша 65 мың теңгеден асады.
Биыл бағдарлама үшінші жыл қатарынан іске асырылып отыр. Үш жыл ішінде балалардың шоттарына шамамен 360 доллар жиналады, ал инвестициялық табысты есептегенде бұл сома 370 долларға жуықтайды.

