Конституция — бұл жай ғана құқықтық құжат емес, ол мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық келісім, қоғамның кемелдік деңгейін, оның құндылықтарын, тарихи тәжірибесін және болашаққа деген көзқарасын айқындайтын негізгі акт. Сондықтан конституциялық реформа мәселесі құқықтық саясат шеңберінен шығып, жалпыұлттық маңызы бар оқиғаға айналады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының реформалануы жаһандану мен цифрландыру үдерістеріне жауап ретінде жүзеге асырылды. Бұл үдерістер қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси, институционалдық және мәдени-рухани салаларына елеулі әсер етті. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз қалыптасудың күрделі жолынан өтті, ал бүгінгі таңда егемендікті одан әрі нығайту, билікке деген қоғамдық сенімді арттыру және азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысуын кеңейту міндеті алға қойылып отыр.
Конституциялық өзгерістердің түпкі мәні — шамадан тыс орталықтандырылған басқару моделінен өкілеттіктердің нақты бөлінуіне негізделген, неғұрлым теңгерімді жүйеге көшу. Осы орайда Президенттің қолындағы билік шоғырлануын шектеуге бағытталған ұсыныстар енгізілуде, Президенттің өкілеттік мерзімі қайта сайлану құқығынсыз бір реттік жеті жылдық мерзіммен бекітіледі. Парламенттің өкілеттіктері кеңейіп, заң шығару қызметіндегі және парламенттік бақылаудағы рөлі күшейтіледі. Үкімет өкілді органға есеп беретін болады, бұл биліктің бөліну қағидатына толық сай келеді. Мұның барлығы қоғамның әділеттілікке, биліктің есептілігіне және заң үстемдігінің нақты жүзеге асуына деген сұранысын көрсетеді.
Реформа аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мен сот жүйесінің адам құқықтары мен бостандықтарының тәуелсіз кепілі ретіндегі рөлін арттыру ерекше маңызға ие. Конституциялық бақылаудың қосымша тетіктерін енгізу мемлекеттің формалды нормаларға ғана емес, азаматтардың мүдделерін нақты қорғауға негізделген құқықтық жүйе құруға ұмтылысын айғақтайды.
Жаңа Конституцияда мемлекеттiң білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы әлеуметтік міндеттемелері кеңейтіледі. Білім беру адамның негізгі құқықтарының бірі әрі мемлекеттің маңызды міндеті ретінде қарастырылады. Мемлекет барлық деңгейде білімнің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін жағдайларды қалыптастыру үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Азаматтардың тегін орта білім алу құқығы конституциялық деңгейде бекітіліп, сондай-ақ тегін техникалық және кәсіптік білім алуға жағдай жасау міндеті нақтыланады. Ал жоғары білім беру жүйесіне қатысты Конституция академиялық еркіндікті, ғылыми ізденісті және білім беру ұйымдарының институционалдық автономиясын дамытуға бағытталған. Бұл білім беру жүйесін жаңғыртудың және оны жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялаудың құқықтық негізін қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Айта кету керек, конституциялық реформа тек билік институттарын трансформациялауға ғана емес, сонымен қатар жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Жаһандық тұрақсыздық, геосаяси сын-қатерлер мен цифрландыру үдерістерінің жеделдеуі жағдайында Конституция ұлттық дамудың берік іргетасы болып қалуға тиіс. Конституциялық реформаның табыстылығы енгізілген өзгерістердің сапасымен ғана емес, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуымен де айқындалады. Конституция оның нормалары азаматтардың құқықтық санасының және қоғамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған кезде ғана толыққанды жұмыс істей бастайды.
Автор: Бегалинова К.К., ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

