STEPPENEWS.KZ: Ақтау қаласындағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде жасөспірімдер арасындағы кикілжің төбелеске ұласып, салдарынан бір қыз бала зардап шекті. Оқиға 25 қаңтар кешкі уақытта орын алған.
Жанжал неден басталды?
Куәгерлердің айтуынша, жанжал фотобудка маңында басталған. Қыз бала суретке түсіп жатқан сәтте бір топ ұл бала оның жұмысына кедергі келтіріп, шторкаларын жұлқылап, арандатушылық әрекеттерге барған. Бұл қылықтардың соңы аяусыз соққыға жығумен аяқталды.
Арада үш күн өткенде, яғни 28 қаңтарда ғаламторда осы оқиғаның видеосы тарады. Бейнежазбада жасөспірімнің жерде жатқан қызды ұрып жатқаны анық көрінеді. Оқиғаны көрген адамдар дереу араша түсіп, жәбірленушіге көмекке ұмтылған.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру амалдарын бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Сауда орталығының әкімшілігі хабарлағандай күзет қызметі оқиға орнына бірден жедел жәрдем мен полиция шақыртқан.

