STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласының мәдени өмірінде айтарлықтай серпіліс байқалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаланы «ұйықтамайтын» мегаполиске айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында кітапханалар желісі жаңа деңгейге көтерілуде. Қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиевтің мәлімдеуінше, биылғы ақпан айынан бастап Қазақстан жазушылар кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247 мекенжайындағы филиал 24/7 форматына ауысады.

Тәулік бойы қызмет көрсету тәжірибесі өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бұған дейін үздіксіз жұмыс режиміне көшкен Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана және «Alatau Creative Hub» орталықтарында келушілер саны бірден 70%-ға артқан. Оқырмандардың бұл қызығушылығы қалалық инфрақұрылымның заманауи сұранысқа бейімделе бастағанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Алматының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі 30 филиалды біріктіріп отыр. Ондағы жалпы кітап қоры 1,3 миллионнан астам дананы құрайды. 2025 жылғы көрсеткіштер бойынша кітапханаларға келушілер саны 3,1 миллионға жетіп, тұрақты оқырмандар қатары 300 мыңнан асқан. Сонымен қатар, кітапхана қызметін халыққа жақындату үшін сауда орталықтары мен метро бекеттерінде, мектептер мен коворкингтерде 32 дербес өзіне-өзі қызмет көрсету нүктесі орнатылған. Бұл нүктелер арқылы ай сайын 500-ден астам кітап оқырман қолына тиеді.

Кітапханаларды жаңғырту және кеңейту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. 2025-2026 жылдары қалалық екі жаңа кітапхана ашылады. Ал биыл жыл соңына дейін аз қамтылған аудандарда тағы 3 нысан пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, сирек кездесетін басылымдарды сақтап қалу мақсатында арнайы зертхана жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде 335 кітап реставрацияланса, оның 65-і бірегей сирек жәдігерлер.
Заман ағымына сай кітап қорын цифрландыру бағытында да ауқымды қадамдар жасалуда. 2025 жылы қордың 70%-ы электронды форматқа көшірілсе, 2027 жылдың соңына дейін барлық кітапты толық цифрландыру жоспарланып отыр.

Ерекше назар инклюзивті орта қалыптастыруға аударылған. Сегіз филиалда көру қабілеті төмен жандар үшін Брайль дисплейі мен аудио дыбыс жүйелері орнатылған. Сондай-ақ, Яндекс Қазақстан компаниясымен бірлескен жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға кітаптарды үйіне тегін жеткізіп беру қызметі де жолға қойылған. Осылайша, Алматы кітапханалары тек білім ордасы емес, қала тұрғындары үшін тәулік бойы қолжетімді заманауи зияткерлік кеңістікке айналып келеді.

