STEPPENEWS.KZ: Биылғы жылдың 5 ақпанында Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында «Voice Beyond Horizon» атты ауқымды халықаралық музыкалық жобаның премьерасы өтеді. Әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынған бұл туынды Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірлесіп жүзеге асырылды. Жобаның басты ерекшелігі — оның түсірілім жұмыстары толықтай Қазақстанның ең көрікті алты өңірінде жүргізілді.

Бағдарламаның мақсаты — әртүрлі мемлекеттердің дарынды өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырып қана қоймай, Қазақстанның бай табиғаты мен туристік әлеуетін миллиардтаған көрерменге паш ету. Түсірілім тобы өткен жылдың қыркүйегінде еліміздің Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары мен Астана, Алматы қалаларын аралап, 7 мың шақырымнан астам жолды еңсерген.
Жоба аясында көрермендер көне Түркістанның тарихына бойлап, Бозжыраның марсқа ұқсас көріністері мен Каспийдің асқақ толқындарын тамашалай алады. Сондай-ақ, табиғат інжу-маржаны саналатын Қайыңды мен Көбейтұз көлдері, Саты ауылы, Қапшағай су қоймасы және Бурабай курорттық аймағы бағдарламаның негізгі локацияларына айналды.

Халықаралық жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің орындаушылары қатысады. «Voice Beyond Horizon» туындысы аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV мен Mango TV платформасында, сондай-ақ еліміздегі «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында көрсетіледі.
Айта кетейік, бұл жобаның сәтті жүзеге асуына «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, тиісті министрліктер мен өңірлік әкімдіктер ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Сонымен қатар «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры демеушілік етті.

