STEPPENEWS.KZ: 2025 жылы Алматының орташа тұрғыны ауаның қатты ластануына байланысты шамамен 518 темекі тартқанмен тең зиянды жұтқан. Бұл — 26 қорап темекіге жуық. Мұндай дерек Almaty Air Initiative қорының есебінде келтірілген.
Ауа сапасына ең үлкен қауіп төндіретін — PM2.5 ұсақ бөлшектері. Олардың жылдық орташа мөлшері 31,2 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан алты есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда қаладағы ауа шамамен 30 пайызға ластанған.
Жыл бойы күндердің 60 пайызынан астамында ауадағы зиянды заттар деңгейі қауіпсіз межеден асып кеткен. Салыстырмалы түрде таза күндер саны 148 күнге дейін азайған. Ал 124 күнде ластану деңгейі тіпті ұлттық нормалардан да жоғары болған.
Ең күрделі жағдай қыс мезгілінде тіркелді. Желтоқсан айында PM2.5 бөлшектерінің орташа деңгейі 62,4 мкг/м³-ке жеткен. Ал 7 желтоқсан — жылдың ең лас күні ретінде белгіленіп, көрсеткіш 145 мкг/м³ болған.
Экологтар ауаның ластануын жылыту маусымымен байланыстырады. Күз бен қыс айларында, әсіресе жеке тұрғын үйлер орналасқан аудандарда, зиянды бөлшектердің мөлшері күрт артқан. Қаланың төменгі бөлігінде ауа тауға жақын аудандарға қарағанда әлдеқайда лас.
Ең ластанған аудан — Түрксіб, ал ең таза аудан — Бостандық деп танылды. Алматының солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінде жағдай күрделірек: бұған көмірмен жылыну, көлік қозғалысы, өндіріс орындары және қаланың табиғи рельефі әсер етіп отыр.

