STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда заңға енгізілген жаңа өзгеріс алғаш рет іс жүзінде қолданылып, сотталған ер адамға бала тәрбиесімен айналысуы үшін жазасын өтеуді кейінге қалдыруға рұқсат берілді. Мұндай шешім Семей қаласының соты 38 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты қабылданды.
Оқиғаның мән-жайы қандай?
Ер адам бұған дейін ұрлық жасағаны үшін екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Ол түзеу мекемесіне келген соң үйленгенін және үш кәмелетке толмаған баланың әкесі екенін мәлімдеген. Алайда ол түрмеде отырған кезде отбасында қиын жағдай орнаған. Әйелі ішімдікке салынғаны үшін ата-ана құқығынан айырылып, балалар қарт әженің қарауында қалған. Соған қарамастан, әкесі колонияда отырып-ақ балаларымен байланысын үзбей, оларға материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған.
2025 жылдың жазында Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер бойынша, енді тек әйелдер ғана емес, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдар да жазаны өтеу мерзімін шегеруге құқылы. Осы өзгерістерге сүйене отырып, сот ер адамға бір жылға мерзімді кейінге қалдыру мүмкіндігін берді.
Бостандыққа шыққанға дейін ол темір тордың арғы жағында 11 айдан астам уақытын өткізген. Үйіне оралған әке бірден жұмысқа орналасып, қазір балаларының қасында тұрып жатыр. Дегенмен, ол пробация қызметінің тұрақты бақылауында болады.

