STEPPENEWS.KZ: Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында нәрестелерді күтіп-баптауға арналған арнайы бөлімше іске қосылды. Мұнда шұғыл жағдайда түскен сәбилерге көмек көрсетіліп, отадан кейінгі балаларды оңалту шаралары жүргізіледі.

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейтін бұл бөлімше 16 орынға лайықталған. Алғашқы үш айдың ішінде мұнда 103 сәби ем алып үлгерді. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде орталықта 235 нәресте емделсе, оның 52-сіне туа біткен ақауларына байланысты шұғыл ота жасалған. Науқастар санының артуына байланысты аурухана басшылығы бөлімшені кеңейтіп, қосымша орындар ашуды ұйғарды.

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап орталықта лор-дәрігерлер (оториноларингология) мен жақ-бет хирургтары тәулік бойы қызмет көрсететін болды. 12 орынға арналған бұл бөлімде алғашқы бес айда 83 балаға медициналық көмек берілді. Сондай-ақ ауруханада дәрі-дәрмектерді халықаралық стандартқа сай сақтап, есептейтін арнайы госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды.

Өткен жылы орталыққа 140 мыңнан астам бала жүгінген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,5%-ға көп. Тек Алматы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1500-ден астам балаға күрделі оталар мен ем-дом жасалды. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында орталық ең жоғары санатқа ие болып, «Қазақстандағы жылдың үздік балалар стационары» атанды.

