STEPPENEWS.KZ: Марқұм Нұрай Серікбайдың жақындары желіде тараған бейнежазбаға байланысты наразылық білдіріп, құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Олардың пайымдауынша, тергеу материалдарын бұрынғы полиция қызметкерлерінің жариялауы тергеу құпиясын бұзу және қоғамдық пікірге әдейі қысым жасау әрекеті деп хабарлайды Steppenews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме беріп.

Әлеуметтік желіде пайда болған видеода Нұрайдың өзін ешкім мәжбүрлеп алып қашпағанын және күдіктіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан сәттері көрсетілген. Бұл жазбаны қызметінен босатылған экс-полицейлер өздерінің жұмыстан шығарылуын «әділетсіз» деп дәлелдеу үшін қолданған көрінеді.
Осыған байланысты марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай:
«Нұрайды мұндай күйде көру бізге өте ауыр тиді. Тіпті жай қарап-ақ оның көзіндегі қорқынышты байқауға болады. Мұндай материалдарды жариялау, бұрынғы полицей тарапынан дұрыс емес әрекет болды, себебі тергеу деректері құпия болуы тиіс. Оның мұндайдан кейін неге сұхбат бергені және бұл тергеуге қалай көмектесетінін түсінбейміз», – деп мәлімдеді.
Адвокат Сержан Нұрпейісовтің айтуынша, бұл оқиғадан кейін Шымкент ПД бастығынан бастап, тергеушіге дейінгі бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен қуылған.
«Біз тергеу құпиясын бұзғаны үшін шағым түсірдік. Енді бұл әрекетке тергеу тарапынан құқықтық баға беріледі», – деді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «Адам өлтіру» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша іс қозғалған. Алайда жәбірленуші тарап айыпты ауырлатуды талап етіп отыр. Адвокат бұл туралы:
«Біз 99-баптың 1-бөлігімен келіспейміз және істі 2-бөліктің 5-тармағына «Айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» деп қайта саралауды талап етеміз. Тиісті өтінішхаттар берілді, жауабын күтіп отырмыз. Сонымен қатар сталкинг бойынша бап қосуды да сұраймыз», – деп нақтылады.
Қызметінен босатылған полицейлерге қатысты да қылмыстық істер қозғалғанымен, олардың егжей-тегжейі тергеу мүддесіне байланысты жария етілмей отыр.

