STEPPENEWS.KZ: 2025 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы жаңа басшысы Джерен Гюресті қабылдады. Кездесу барысында тараптар гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады.

Ержан Ашықбаев еліміздің әйелдер құқығын қорғауға басымдық беретінін айтып, алдағы парламенттік реформада әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның міндетті түрде сақталатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Алматыда орналасқан БҰҰ-ның Өңірлік орталығының жұмысына тоқталды. Бұл орталық Орталық Азия елдерінің күшін біріктіріп, ортақ жобаларды жүзеге асыруға арналған тиімді алаң екенін атап өтті.
Джерен Гюрес Қазақстан Үкіметінің әйелдер мен қыздарды қорғау бағытындағы халықаралық міндеттемелерді белсенді орындап жатқанына ризашылығын білдірді. Кездесу соңында екі тарап маңызды мәселелер бойынша әріптестікті нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге келісті.

