STEPPENEWS.KZ: Павлодарлық студенттер полициямен бірлесіп, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Есірткіге қарсы бірге» атты ауқымды профилактикалық эстафетаны қолға алды. Бұл бастама жастар арасында заңсыз есірткі айналымына деген төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруды және құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді.
Алғашқы болып жоғары мұнай-газ колледжінің студенттері белсенділік танытып, арнайы бейнеүндеу арқылы эстафетаны педагогикалық колледж ұжымына жолдады. Акция барысында жастар өз қатарластарын бейжай қалмауға, есірткі жарнамасы мен наркограффити салу секілді күмәнді деректер туралы полицияға дер кезінде хабарлауға шақырды. Сонымен қатар, қатысушылар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың артында ауыр заңды жауапкершілік тұрғанын еске салып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда азаматтық белсенділік танытудың маңыздылығын атап өтті.
Павлодар қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мәліметінше, мұндай шаралар жастардың бойында салауатты өмір салтын нығайтуға және жат қылықтарға қарсы иммунитет қалыптастыруға көмектеседі. Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған бұл челлендж тоқтап қалмай, алдағы уақытта қаланың өзге де оқу орындарының қатысуымен жалғаса бермек.

