STEPPENEWS.KZ: Шымкенттік киберполицейлер Қызылорда облысының тұрғынын ұстады. Ол өз таныстарының банк карталарын жинап, алаяқтық транзакциялар үшін «дропперлік» желі ұйымдастырған деген күдікке ілінді.
Қылмыстың мән-жайы қандай?
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті «жеңіл табыс» табу үшін таныстарының атына ашылған банк карталарын жинап, оларды мессенджерлер арқылы үшінші тұлғаларға сатып отырған. Бұл карталар кейіннен жәбірленушілердің ақшасын жылыстату үшін пайдаланылған.
Қазіргі уақытта екі ірі дерек анықталды. Жергілікті тұрғын белгісіз біреулердің қоңырауына сеніп, 32 миллион теңгесінен айырылған. Тағы бір азамат алаяқтардың арбауына түсіп, 6 миллион теңгеден астам қаражатын аударып жіберген. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде келтірілген жалпы шығын көлемі 40 миллион теңгеден асып жығылды.
Тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырады. Бөтен адамдардың нұсқауымен күмәнді шоттарға ақша аудармауды және жеке деректерді, соның ішінде банк карталарын үшінші тұлғаларға бермеуді ескертеді. Сондай-ақ, банк картасын басқаларға пайдалануға беру де заң алдында жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

