STEPPENEWS.KZ: ҚР туризм және спорт министрлігінің мәліметінше елімізде туризм саласын ілгерілетуге бағытталған кешенді жоспарлар бекітіліп, басым дестинацияларды дамытудың жаңа кезеңі басталып жатыр. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі негізгі үш өңір айқындалып отыр.
Олар — Алматы тау кластері, Щучье–Бурабай курортты аймағы және Маңғыстау туристік өңірі. Бұл аймақтар бойынша инфрақұрылымды жаңарту, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, өңірлердің туристік әлеуетін таныту және саланы толық цифрландыруды қамтитын нақты іс-қимылдар қабылданды.
Алматы тау кластерін дамыту аясында қолданыстағы тау шаңғысы курорттарын кеңейту және оларды бір жүйеге біріктіру көзделген. Жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 161 шақырым болатын тау шаңғысы трассалары мен 30 аспалы жол салу жоспарланып отыр. Бұл қадам жыл бойы қызмет көрсететін туристер санын 5 млн адамға дейін арттыруға септігін тигізіп, қазіргі нысандарға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
Щучье-Бурабай курортты өңіріндегі басты мақсат — туристер ағынын Щучье мен Бурабай көлдерінен Қатаркөл, Шабақты және Жүкей көлдеріне бағыттап, жүктемені теңгеру. Былтыр бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, Бурабай кентінде «Променад» аймағы салынды, 10 шақырымдық веложол пайдалануға берілді, сондай-ақ сегіз шолу алаңы мен төрт автотұрақ ашылды. Бұған қоса, Щучье көліндегі қоғамдық жағажай абаттандырылып, тікұшақпен экскурсия жасау мүмкіндігі іске қосылды. 2029 жылдың соңына қарай бұл аймақтағы туристер саны айтарлықтай өсіп, саладағы жұмыс орындары 32,5 мың адамға жетеді деп күтілуде.
Маңғыстау өңірін дамыту мәселесі де мемлекеттік саясаттың назарынан тыс қалған жоқ. Кешенді жоспар «Жылы жағажай» мен «Кендірлі» демалыс орындарын өркендетуге, сонымен қатар Бозжыра мен Тамшалы сияқты бірегей табиғи нысандардың қолжетімділігін арттыруға негізделген. 2029 жылға дейін қонақ үй инфрақұрылымын кеңейту арқылы өңірге қосымша 150 мың турист тарту көзделіп отыр. Осылайша, еліміздің негізгі туристік нысандары жаңа кейіпке еніп, демалушылар үшін қолайлы ортаға айналмақ.

