STEPPENEWS.KZ: Орталық Азия елдерін біртұтас трансшекаралық туристік бағыт аясында біріктіретін «Zhibek Zholy» халықаралық туристік пойызы жобасы өз жалғасын табуда. Жоба Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Тәжікстан Республикасы арасындағы туристік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Жобаның кезекті кезеңін іске асыру 2026 жылғы 20–25 наурыз аралығына жоспарланып отыр. Сапар Ұлы Жібек жолының тарихи бағытымен өтіп, Алматы – Түркістан – Самарқанд – Душанбе – Ташкент – Алматы қалаларын қамтиды.
Бағдарлама аясында қатысушылар өңірдің негізгі тарихи-мәдени және рухани орталықтарын аралап, экскурсиялық қызметтермен қамтылады. Сондай-ақ маршрутқа қатысушы елдердің мәдениеті мен дәстүрін танытатын іс-шаралар ұйымдастырылады.
Маршрут Түркі әлемінің рухани ордасы саналатын Түркістан қаласын, ислам өркениетінің ірі тарихи орталығы – Самарқандты, бай мәдени мұрасы бар Душанбе қаласын және өңірдегі маңызды әкімшілік әрі туристік орталықтардың бірі – Ташкентті қамтиды.
Жоба Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның және «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

