STEPPENEWS.KZ: Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында жаңадан құрылатын «Құрылтай» төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан сайлануы тиіс деген талап талқыланды.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Құрылтай төрағалығына кандидатураны ҚР Президенті ұсынады. Ал төрағаны сайлау депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен, жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Конституцияда Құрылтайдың жұмыс регламенті нақтыланып, Президент сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күн ішінде алғашқы сессияны шақыруға міндеттеледі.
Бұған дейінгі отырыстарда бір палаталы «Құрылтайдың» функциялары мен құрамы, заң шығару бастамасына хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті және мемлекеттік билік жүйесіндегі вице-президент лауазымының орны талқыланған.
Нұрлан Бекназаров: «Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады», – деп атап өтті.
Айта кетерлігі, бұл нормалардың барлығы әзірге ұсыныс сатысында тұр. Қай өзгерістің Ата заңға енетінін алдағы уақытта халықтық референдум айқындайды.

