STEPPENEWS.KZ: ІІМ мәліметінше автонесиелеуге қатысты қылмыстық схема әшкереленді. 19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін көліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың жолын кесті.
Тергеу барысында күдіктілердің қорқыту мен қысым көрсету арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие алуға мәжбүрлегені анықталды.
Төлем қабілеттілігі бар деген жалған әсер қалыптастыру үшін қылмыстық топ мүшелері азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын қолдан жақсартқан.
Сонымен қатар күдіктілер жалған құжаттарды пайдаланып, автокөліктерді кепілге қою арқылы микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Кейін қымбат көліктер шетелге шығарылып, сатылған.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша 15 эпизод тіркеліп, өзге де мүмкін заңсыз әрекеттерді анықтау жұмыстары жалғасуда.
Тінту барысында бірнеше атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта негізгі алты күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

