STEPPENEWS.KZ: Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылының маңында екі жеңіл көлік соқтығысып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 24 қаңтар күні сағат 15:30 шамасында «Көшкентал – Қапал» тасжолының төртінші шақырымында болған деп хабарлайды Steppenews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме беріп.
Алдын ала болжам бойынша, жол үстінде Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы автокөліктері соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, бес адам оқиға орнында тіл тартпай кетті. Тағы екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Қайғылы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, апаттың себептері мен барлық мән-жайын анықтауда. Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауына алынды.
Тәртіп сақшылары қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырады:
«Жол ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауды, арақашықтықты сақтауды және жолда аса мұқият болуды сұраймыз».

