STEPPENEWS.KZ: Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікті мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде бекітуді ұсынды. Депутаттың пайымдауынша, елдің интеллектуалдық әлеуеті мен ғылым-білімі тек еркін ой ортасында ғана дами алады.
Мұрат Әбенов бүгінгі таңда қоғамдағы салмақты пікірлердің тасада қалып, жалған немесе үстірт ақпараттардың тез таралуы әлеуметтік дамуды тежейтініне назар аударды. Сондықтан, конституциялық реформа аясында сөз бостандығын жай ғана жариялап қоймай, оны қорғаудың нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыру қажет.
Осы орайда депутат Ата заңда шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғауды күшейтуді, сондай-ақ мемлекеттің ғылыми қызметке жағдай жасау міндетін шегелеп көрсетуді ұсынды. Оның айтуынша, шығармашылық еңбек қоғамдық және экономикалық құндылық ретінде танылуы тиіс. Бұл қадам елдің рухани қуатын арттырып, жаңа инновациялық идеялардың тууына жол ашпақ.

