STEPPENEWS.KZ: Қазақстанға концерт көруге шетелден келетін көрермендер үшін жаңа формат ұсынылмақ. Ұйымдастырушылар концерт бағдарламасын экскурсиялармен және туристік локациялармен ұштастыратын турпакеттер дайындауды жоспарлап отыр.
Биыл мамыр айында ұйымдастырушылар Астана және Алматы қалаларында әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ауқымды концерттік іс-шаралар өткізеді. Сахнада Flo Rida, Nicole Scherzinger, Tugay, Busta Rhymes, Timbaland, Keri Hilson және есімі кейін жарияланатын арнайы қонақ өнер көрсетеді.
Бұл концерттерді жай ғана мәдени шара ретінде емес, туризммен байланыстырып өткізу де жоспарланған. Яғни ұйымдастырушылардың мақсаты — концертке келетін адамдарға сапарды жеңілдетіп, іс-шараны қала аралау және туристік бағыттармен біріктіру.
Осы мақсатта “Kazakh Tourism” ҰК” АҚ туроператорлармен бірлесіп, концертке келетін қонақтарға арналған арнайы туристік ұсыныстар әзірлемек. Бұл пакеттер арқылы концертке билет алып қана қоймай, сол сапарды толыққанды тур ретінде ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылады.

«Kazakh Tourism туроператорлардың қатысуымен пакеттелген туристік ұсыныстарды әзірлеу үшін штаб құрады. Бұл Қазақстан өңірлерінен және шетелдік қонақтарға концертті экскурсиялармен және туристік локациялармен танысумен ұштастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеп, өткен жылы сәтті түрде қолданылды», — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Ұйымдастырушылардың болжамынша, әр қалада концерт көрермендерінің жалпы саны шамамен 30 мың адам болады деп күтіледі. Сондай-ақ Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және РФ тұрғындары бұл концерттерге билеттер сатып алып үлгерген.
«Solana City жобасы бір аумақта халықаралық деңгейдегі іс-шараларды біріктіреді. Фестивальдер мен концерттерден тыс уақытта туристік қала ел тұрғындары мен қонақтары үшін жыл бойы қызмет етеді. Жоба аясында этноауылдар, кемпингтер, глэмпингтер, гастрономиялық кеңістіктер, қолөнер аймақтары және арт-инсталляцияларды орнату жоспарлануда. Жобаны аясында 1000-ға дейін жаңа жұмыс орны құрылады», — деп атап өтті «Solana» компаниясының басшысы Жанар Байғозина.

