STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы әлемнің үздік спортшылары жиналатын маңызды дода ретінде атап өтті. Президенттің айтуынша, Олимпиадаға 40-қа жуық қазақстандық спортшы қатысып, 10 спорт түрінен бақ сынайды. Сондай-ақ ұлттық құраманың жартысынан көбі бұл жарысқа алғаш рет аттанады.

Президент спортшылардың жолдама алу жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп, халықаралық жарыстарда Қазақстан құрамасының 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль еншілегенін айтты. Сонымен бірге Паралимпиадада ел намысын қорғайтын спортшыларға да сенім жоғары екенін жеткізді.
– «Паралимпиадашылардың ерекше құлшынысы және мықты ерік-жігері көпке үлгі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның мәлімдеуінше, наурыз айының басында Италияда өтетін Паралимпиадаға әзірге 10 лицензия алынған, ал жолдамалар саны әлі де артуы мүмкін.
– «Сіздер қатаң іріктеулерден сүрінбей өтіп, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына мүше болдыңыздар. Осының өзі әлеуеттеріңізді, жеңіске деген ұмтылыстарыңызды танытады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиадада бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінгенін еске салды. Ол Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сынды жүлдегерлердің есімі отандық спорт тарихында ерекше орын алатынын атап өтті.
– «Спорттағы жетістіктер тұтас еліміздің мәртебесін көтеріп, жалпыұлттық бірлікті және Қазақстан Республикасының қазіргі әлемдегі беделін нығайтады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

