STEPPENEWS.KZ: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындары — Arizona State University (ASU) және University of Arizona басшылығымен стратегиялық серіктестікті дамытуға арналған бірқатар кездесулер өткізді.
ASU өкілдерімен өткен келіссөздер барысында министр Саясат Нұрбек бірлескен білім беру жобаларының болашағын талқылады. Тараптар 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосу жоспарланған екі негізгі бастаманы қарастырды.
Олардың бірі — Auezov University базасында Honor College Arizona State University филиалын ашу. Жоба дарынды студенттерге арналған заманауи академиялық стандарттарды енгізуге бағытталған.
Екінші жоба — жеке инвесторлармен бірлесіп және ASU академиялық қолдауымен жүзеге асырылатын InnoTech университеті («InnoTech powered by ASU»). Жаңа оқу орны инновация мен жоғары технология саласына мамандар даярлауды көздейді.

Кездесу барысында жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, академиялық модель, білім беру бағдарламалары мен сапаны қамтамасыз ету тетіктері талқыланды. Сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер, инновациялық экожүйе және технологиялар трансферті мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар министр Саясат Нұрбек University of Arizona өкілі Рики Салазармен Kozybayev University-пен серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады. Бүгінде бұл әріптестік ауқымды академиялық экожүйеге айналып, 5 қос дипломдық және 11 бірлескен білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Аталған бағдарламаларда 1250-ден астам студент білім алуда. Биыл бизнес-әкімшілік, маркетинг және жарнама бағыттары бойынша жаңа бағдарламаларды іске қосу жоспарланған.
Ғылыми ынтымақтастық агрогеномика мен биоинформатика салаларында белсенді дамуда. Солтүстік Қазақстан жағдайына бейімделген бидай сорттарын іріктеуге бағытталған зерттеулер жүргізіліп, заманауи геномдық селекция әдістері қолданылуда. Бұдан бөлек, су ресурстары, серополимерлік технологиялар және инклюзивті білім беру бағыттарында бірқатар жобалар іске асырылуда.
Өткен кездесулер бұрын қол жеткізілген келісімдердің жалғасы болып, білім беру мен ғылым саласындағы стратегиялық серіктестіктің келесі кезеңдерін айқындауға мүмкіндік берді.

