STEPPENEWS.KZ: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы медициналық ұйымдарды жаңғырту жұмыстарының барысын көріп шықты. Жұмыс сапары аясында ол қайта жаңартудан өткен №4 Қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімін аралады.
Жаңғырту нәтижесінде бөлімшенің өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Бұрын тәулігіне 250 адам қабылдаса, енді 450 адамға дейін қызмет көрсете алады.

Медициналық мекемеде халықаралық тәжірибеде қолданылатын triage жүйесі іске қосылды. Бұл әдіс пациенттер ағынын қызыл, сары және жасыл аймақтарға бөліп, жағдайы ауыр науқастарға жылдам көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге асқыну қаупін азайтып, ауруханадағы орындарды тиімді пайдалануға және жатқызу мерзімін қысқартуға ықпал етеді.
Аурухана ішінде заманауи операциялық блоктар, сондай-ақ 12 орындық анестезиология, реанимация және қарқынды терапияның шұғыл бөлімшесі ашылды. Бұған қоса, тері арқылы жүрек-қан тамырларын емдеу орталығы жұмысын бастады. Бұл жүрек ауруларына шалдыққан азаматтарға жоғары технологиялық көмекті кеңейтуге жол ашады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда қазіргі заманғы талаптар мен халықаралық денсаулық сақтау стандарттарын ескере отырып, медициналық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы және 1 емхана салынды, сондай-ақ тағы 32 нысанды салу және жаңғырту бойынша жобалар әзірленіп жатыр», – деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, №4 қалалық клиникалық аурухана — тәулік бойы қызмет көрсететін көпсалалы стационар. Мұнда жыл сайын 12 500-ге дейін ота жасалады.
Сонымен қатар әкім Түрксіб ауданындағы Алтай шағынауданында салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс алаңына барды. Болашақта бұл мекеме бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады.

Жаңа емхана бұрын пайдаланылмай тұрған денсаулық сақтау нысанының орнына бой көтеріп жатыр. Оны УДЗ аппараттары, цифрлық флюорография мен маммография, рентген, сондай-ақ МРТ және КТ сияқты диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл тексеру сапасын күшейтіп, нәтижені жылдам әрі нақты шығаруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын IV тоқсанда аяқтау көзделген.

