STEPPENEWS.KZ: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында биыл мерейтойы аталып өтетін мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет пен өнер саласының 16 көрнекті өкіліне арналған көрме ашылды.

Экспозицияға Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Жұбанов, Сайын Мұратбеков және өзге де танымал тұлғалар енгізілген. Көрме аясында 350-ден астам баспа басылымы мен 200-ге жуық электронды материал ұсынылған.

Кітапханаға келушілер мерейтой иелерінің өмірбаяны, кәсіби және қоғамдық қызметі туралы кең көлемде мәлімет ала алады. Сондай-ақ мәдениет қайраткерлеріне арналған жеке бөлімде олардың театр, кино және музыка өнерін дамытуға қосқан үлесі жан-жақты таныстырылған.
Аталған көрмені ҚР Ұлттық кітапханасының оқырмандары жыл бойы тамашалай алады.

