STEPPENEWS.KZ: Шымкентте қала жобасы аясында орнатылған смарт-әжетхананы орынсыз қиратқан. Жоба менеджерінің айтуынша, екі белгісіз адам әжетхана жабдықтарын әдейі зақымдап, жүйенің толық жұмыс істеуі үшін қажет бір бөлшегін алып кеткен.
Оқиға бойынша жоба қызметкерлері полицияға арыз түсірді. Құқық бұзушыларды анықтауға әжетхананы пайдалану үшін арналған мобильді қосымшадағы тіркелген телефон нөмірі көмектескен. Полиция хабарласқаннан кейін Шымкенттің екі тұрғыны өз еркімен бөлімшеге келген.
Жастар өздерінің оқиғаға қатысы бар екенін мойындап, келтірілген шығынды өтеп беруге дайын екенін жеткізді. Олардың бірінің айтуынша, әжетхананы пайдалану кезінде фенді абайсызда жұлып алған, ал оны ұрлау ниеті болмағанын алға тартты.
«Біз оны жөндеп, қайта әкеліп бергіміз келді. Әкімдік пен жоба үйлестірушілерінен кешірім сұраймын. Жөндеу ақысын төлейміз», — деді оқиғаға қатысушылардың бірі.
Айта кетейік, бір смарт-әжетхананың құны шамамен 50 миллион теңге. Сондықтан мұндай жағдайлар қала бюджеті мен инфрақұрылымның дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

