STEPPENEWS.KZ: 2026 жылдан бастап Қазақстанда корпоративтік табыс салығына (КТС) қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Жаңа Салық кодексіндегі негізгі жаңашылдықтар туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Дәурен Қаймұхаметов мәлімдеді.

КТС бұрынғыдай бюджет кірісінің негізгі көздерінің бірі болып қала береді. Салықты ҚР резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты мекеме арқылы қызмет атқаратын немесе ел аумағындағы көздерден табыс алатын бейрезиденттер төлейді. Мемлекеттік мекемелер КТС-тен босатылған, ал мемлекеттік орта мектептер салық төлеуші ұйымдар қатарынан шығарылды.
Жаңа кодексте сараланған мөлшерлемелер енгізілді. Базалық мөлшерлеме 20% деңгейінде сақталды. Банктер мен ойын бизнесі үшін мөлшерлеме 25% болып белгіленді. Әлеуметтік салада (білім беру, медицина) 2026 жылы – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 3%, ауыл шаруашылығы кооперативтері 6% мөлшерінде КТС төлейді.
КТС бөлімі қайта құрылып, кірістер мен шегерімдер қызмет түрлері бойынша жүйеленді. Сондай-ақ цифрлық активтерден, майнингтен, цифрлық биржалардан, көмірсутек операцияларынан және қорлар құнының өсімінен алынатын табыстардың жаңа түрлері енгізілді.
Шегерімдерге қатысты талаптар қатаңдатылды. Жалған операциялар бойынша шығындар мен оңайлатылған салық режимін қолданатын тұлғалардан алынған тауарлар мен қызметтерге жұмсалған шығыстар шегерімге жатқызылмайды. Сонымен қатар жөндеу шығындарын есепке алудың баламалы тәртібі сақталды, ал ҒЗТКЖ-ға жұмсалған шығындар бойынша шегерім 200%-ға дейін ұлғайтылды.
Алғаш рет қызмет түрлері бойынша залалдарды көшіру және өтеу тәртібі нақты белгіленді. Бірқатар салықтық жеңілдіктер жойылғанымен, арнаулы экономикалық аймақтар, Astana Hub қатысушылары және инвестициялық жобалар үшін негізгі преференциялар сақталды.
Мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін ұйымдар үшін де салықтық жеңілдіктер қалдырылды. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда, мұндай ұйымдар КТС-ті 50%-ға азайтуға немесе толық босатылуға құқылы.
Сондай-ақ КТС бойынша аванстық төлемдерді төлеу тәртібі өзгерді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпкерлік субъектілері КТС-ті тек республикалық бюджетке аударады. Осыған байланысты салық төлеушілерге есептелген сомалар мен бюджеттік сыныптама кодтарын мұқият тексеру ұсынылды.

