STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі мұз кешендерінің бірі – ASP Arena ашылды. Қонаев қаласында қысқы спорт пен демалысты бір арнаға тоғыстырған заманауи ASP Arena кешені пайдалануға берілді. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ көпфункционалды нысан.
Кешен Орталық Азиядағы ең ірі мұз аренасын спорттық, ойын-сауық және көрермендерге арналған инфрақұрылыммен үйлестіріп, ел тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орталыққа айналды.
ASP Arena мұз аренасының аумағы 20 600 шаршы метрді құрайды. Мұнда халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды, жаппай сырғанау сеанстарын және ауқымды шоу-бағдарламаларды өткізуге мүмкіндік береді. Кешеннің жалпы жер аумағы – 63 гектар. Оның ішінде қонақ үй, көрермендерге арналған аймақ, мейрамханалар, картинг трассасы және түрлі демалыс нысандары қарастырылған. Спорт кешені бір мезетте 3 200 адамды қабылдай алады.
ASP Arena-да жаппай сырғанауға ерекше мән берілген.
Кешен келушілер үшін:
жұмыс күндері (дүйсенбі–жұма) 10:00-ден 23:00-ге дейін (үш сеанс);
демалыс және мереке күндері 09:00-ден 00:00-ге дейін (төрт сеанс) қызмет көрсетеді.
Спорт сарайы аумағында коньки жалға беру қызметі бар. Жаппай сырғанау кез келген жастағы және дайындық деңгейі әртүрлі келушілерге қолжетімді.
ASP Arena жобасының Қонаев қаласында жүзеге асырылуы Қазақстандағы спорт инфрақұрылымын дамытуға, оқиғалық туризм мен ойын-сауық индустриясын ілгерілетуге серпін беріп, елдің ірі халықаралық іс-шараларды қабылдай алатын алаң ретіндегі әлеуетін арттырады.

