STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Бұған дейін президент бұл реформаның ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар болатынын атап өткен еді. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде түскен барлық бастамаларды жан-жақты талдап, Ата заңды өзгертуге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу аса маңызды.
«Конституциялық реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында қаулы етемін: Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) құрылсын, Комиссияның ережесі мен құрамы бекітілсін, осы Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелсін», — делінген құжат мәтінінде.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Комиссия ұсыныстарды жүйелеу және зерделеу жұмыстарын жүргізеді, соның нәтижесінде дайындалған түзетулер қоғамдық талқылауға және республикалық референдумға шығарылуы мүмкін.

