STEPPENEWS.KZ: Үкімет жалпы ішкі өнімнің өсімін кемінде 5% деңгейінде қамтамасыз етуді көздеп отыр және экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 трлн теңге бағыттайды. Ұлттық құрылтайда берілген Президент тапсырмаларын іске асыру тетіктері туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
Оның айтуынша, халық табысын арттыру мақсатында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағдарламасы жалғасады. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімге шаққанда 18%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Қабылданатын шаралар кешені халықтың нақты табысының 2–3%-дан жоғары өсуіне мүмкіндік береді.
Экономикалық өсудің проактивті саясаты аясында жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің артуын қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға арналған мемлекеттік механизм құрылады. Басты назар экспортқа бағдарланған және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға аударылады, – деп хабарлады вице-премьер Серік Жұманғарин.

