STEPPENEWS.KZ: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасы алғаш рет Сингапурда гастрольдік сапармен өнер көрсетеді. Қойылымдар 2026 жылғы 23–25 қаңтар аралығында Сингапурдағы NUS университетінің мәдени орталығында өтеді.

Театр көрермендерге екі бөлімнен тұратын арнайы бағдарламасын ұсынады. Алғашқы бөлім «Классикалық балет жауһарлары» деп аталып, оған «Аққу көлі» балетінен адажио, «Сильфида» және «Дон Кихот» қойылымдарынан үзінділер енген.

Екінші бөлімде көрермендер бір актілі «Кармен-сюита» балетін тамашалайды. Қойылымды атақты хореограф Альберто Алонсо сахналаған. Музыкасы Родион Щедринге тиесілі, шығарма Жорж Бизенің туындысы негізінде жазылған. «Кармен-сюита» махаббат, еркіндік пен тағдыр тақырыптарын терең ашады және әлемдік хореографиядағы ең танымал шығармалардың бірі саналады.
Бұл гастроль — қазақ балет өнерін халықаралық деңгейде танытудағы маңызды қадам.

