STEPPENEWS.KZ: 2025 жылы Қазақстанда 35 075 шетелдік студент білім алды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11% — ға көп және ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Соның ішінде 18 195 студент Алматы қаласын таңдаған.
Неліктен дәл осы мегаполис тартымды және қалада шамадан тыс адам көбейіп кетпес үшін не істеу қажет? Бұл жөнінде білім беру саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Жанар Жаканова түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, негізгі себеп — жетекші университеттердің шоғырлануы, дамыған инфрақұрылым және белсенді қалалық орта. Осы факторлардың жиынтығы Алматыны шетелдік жастар үшін «тартымдылық орталығына» айналдырып отыр.
Алматы — білім мен мүмкіндіктер қаласы
Бүгінде шетелдік студенттер ең көп оқитын жоғары оқу орындарының қатарында:
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — 4 497-ден астам шетелдік студент
- Асфендияров атындағы ҚазҰМУ — шамамен 2 687 адам
- Гумилев атындағы ЕҰУ — 2 483 студент
- Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ — 1 759-ға жуық шетелдік студент
Бұл университеттерді таңдауда баға мен білім сапасының тепе-теңдігі, сондай-ақ ұсынылатын мамандықтардың сұранысқа ие болуы маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жоғары оқу орындары ағылшын тіліндегі бағдарламаларды дамытып, халықаралық кампустар ашуға басымдық беріп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда 88 елден келген студенттер оқиды. Негізгі ағым Оңтүстік Азия, Орталық Азия, Қытай және ТМД елдерінен келеді.
Шетелдік студенттер саны бойынша көшбасшы елдер қатарында Үндістан (шамамен 10 мың), Түрікменстан (9 мыңнан астам), Өзбекстан (4 мыңнан аса), Қытай (3 мыңнан астам) және Ресей (2 500-ге жуық) бар.
Өсімнің екінші қыры
Шетелдік студенттер санының артуы — білім беру жүйесінің дамуының айқын көрсеткіші. Алайда Алматыда жалпы саны 236 мыңнан астам студент оқиды. Бұл — Орталық Азиядағы жан басына шаққандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Мұндай шоғырлану қалаға айтарлықтай жүк салады. Атап айтқанда, тұрғын үй нарығына қысым күшейеді. Себебі студенттер жалдамалы пәтерге сұранысты арттырады. Көлік жүйесі мен жекелеген аудандарда жүктеме өсіп, адам көбейе түседі. Өйткені студенттер негізінен ҚазҰУ, ҚазҰМУ, Сәтбаев университеті маңында шоғырланған. Сонымен қатар көші-қон қызметтері, медициналық орталықтар мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларында кезек көбейеді.
Әлемдік тәжірибе және аймақтық үлгілер
Халықаралық тәжірибеде мұндай мәселелерді шешудің тиімді жолдары бар. Мысалы, Ұлыбритания мен Германияда университеттердің бір бөлігі аймақтық орталықтарда дамытылған.
Алматы маңында да сәтті мысалдар бар.
2025 жылы Қаскелең қаласында ашылған New York Film Academy Kazakhstan (NYFA) кампусы шетелдік студенттерді тартуда және өңірдегі креативті индустриялардың дамуына серпін беріп отыр.
Алматы әуежайы маңында орналасқан Азаматтық авиация академиясы халықаралық әуе компанияларымен тығыз жұмыс істеп, студенттерге тікелей тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынады.
Бұл оқу орындары мегаполис орталығынан тыс орналасқан кампустардың да шетелдік студенттер үшін тартымды бола алатынын көрсетеді.
Мемлекеттік деңгейде қандай қадамдар қажет?
Сарапшылардың пікірінше, мәселені жүйелі шешу үшін бірқатар шара қажет. Атап айтқанда, шағын және орта қалаларда, әсіресе индустриялық өңірлерде университет филиалдары мен жаңа кампустар ашу маңызды. Сонымен қатар қашықтан және гибридті оқыту формаларын дамыту, мегаполистен тыс жерде оқу орнын ашатын университеттерге гранттар мен салықтық жеңілдіктер беру ұсынылады. Аймақтарда студенттік қалашықтар мен жатақханалар салу да өзекті.
Алматы бүгінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы басты білім беру орталығы болып қала береді. Алайда өңірлерде қуатты университеттік кампустарды дамыту ел экономикасына серпін беріп, студенттер үшін мүмкіндікті арттырып, мегаполиске түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.

