STEPPENEWS.KZ: Алматы Оңтүстік Кореядағы ең жоғары рейтингке ие жобалардың бірі – «Менің кішкентай бойдақ жігітім» (SBS) телешоуының түсірілім алаңына айналды. Миллиондаған көрермені бар бағдарлама Оңтүстік Кореяда апта сайын эфирге шығады.

Түсірілім жұмыстарына танымал корей актерлері Пэ Чон Нам, Ли Сон Мин, Ким Сон Гюн және Ким Чон Су қатысты. Бағдарлама Алматы қаласы мен өңірдің басты туристік нысандарында, атап айтқанда Көктөбеде, Шымбұлақта, Медеуде, Көк базарда, Көлсай көлдерінде және өзге де көрікті жерлерде түсірілді.
Алматыға арналған арнайы шығарылымды 2026 жылдың ақпан айының басында SBS телеарнасынан көрсету жоспарланып отыр.

«Бұл өңірдің Кореяда кездесе бермейтін кең тынысты, ерекше табиғи келбеті мені қатты қызықтырды. Алматы Кореядан алыс емес сияқты көрінгенімен, мұндағы табиғат мүлде бөлек әсер қалдырады. Бұл – ауасы таза, қала өмірі мен табиғат өзара үйлесім тауып, табиғи түрде астасқан қала. Кореямен салыстырғанда, мұндағы табиғат әлдеқайда кең әрі бастапқы қалпын жақсы сақтағандай әсер береді», – деді жобаның режиссер-операторы.
Алматыда түсірілім тобына Almaty Tourism Bureau командасы қолдау көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарын қамтамасыз етті. Жоба халықаралық деңгейдегі маңызды ақпараттық оқиғаға айналып, шетелдік аудиторияның Алматының туристік әлеуетіне деген қызығушылығын арттыра түсті.

