STEPPENEWS.KZ: Пәкістанның ірі қаласы Карачиде сауда орталығында жойқын өрт шығып, 14 адам көз жұмды.
Билік өкілдерінің мәліметінше, ондаған адам әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Сол себепті қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Өрт бір күн бұрын басталып, өрт сөндіру қызметтері жалынды бір тәуліктен астам уақыт бойы ауыздықтаған.
Ресми деректерге сәйкес, кемінде 38 адам түрлі жарақат алған. Ал Синд провинциясының губернаторы 70-тен астам адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.
Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы себеп болған. Сауда орталығы шамамен 400 дүкенге есептеліп салынғанымен, іс жүзінде онда 1200-ге жуық сауда нүктесі жұмыс істеген. Сонымен қатар кешенде бар болғаны екі ғана авариялық шығу жолы болғаны белгілі болып отыр. Бұл адамдарды эвакуациялауды айтарлықтай қиындатқан.

