STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласындағы «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығында әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жүйесінде алғаш рет тігін және тоқыма шеберханасы өз жұмысын бастады. Бұл жоба әзірге өзге әлеуметтік орталықтарда баламасы жоқ бірегей бастама саналады.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, шеберхана ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еңбек арқылы оңалуына, әлеуметтік бейімделуіне және кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шара барысында қатысушылар шеберхананың жұмысымен танысып, заманауи тігін және тоқыма жабдықтарын көрді. Сондай-ақ қолмен және машинамен тігу, тоқыма материалдарымен жұмыс істеу, тоқу бойынша тәжірибелік оқу сабақтары ұйымдастырылды. Бұл сабақтар қызмет алушылардың еңбекке бейімделуін арттырып, бастапқы кәсіби қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Іс-шараға 50 адам қатысты.

Айта кетейік, «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ ерекше қажеттілігі бар балаларға және 18 жастан асқан азаматтарға жартылай стационарлық және үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Орталықта бейінді мамандардың қатысуымен кешенді оңалту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

Орталықтың негізгі мақсаты — арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру, қызмет алушылардың өмірлік және еңбек дағдыларын дамыту, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Белгіленген стандарттарға сәйкес орталық әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени және құқықтық қызмет түрлерін ұсынады.
