STEPPENEWS.KZ: Алматы облысының көпбейінді клиникалық ауруханасында көп ағзалық донорлық процесі жүзеге асырылды.
Дәрігерлік консилиумның қорытындысына сәйкес, 1979 жылы туған пациенттің ми өлімі тіркелді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін марқұмның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді.
Барлық кезеңді ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті. Донорлық барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және көздің мөлдір қабығы алынды.
Алынған ағзалар бейінді медициналық ұйымдарға жедел түрде жеткізілді. Жүрек, бауыр, бүйрек және мөлдір қабықты трансплантаттау операциялары сәтті өтті. Медициналық көмек пациенттерге, оның ішінде республикалық күту парағында тұрған бір балаға көрсетілді.
Денсаулық сақтау министрлігі туыстарына көрсеткен батылдығы мен басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді.
2025 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда трансплантаттауды күту парағында 4 506 пациент тіркелген, олардың 123-і — балалар. Күту парағындағы пациенттердің 90 пайыздан астамы бүйрек трансплантаттауын қажет етеді.

