STEPPENEWS.KZ: Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, юаньмен төлем жүйесін енгізу немесе жалпы юаньмен есеп айырысу – бір күнде қабылданған шешім емес. Бұл – әлемдік қаржы жүйесінде жүріп жатқан ірі құрылымдық өзгерістердің бір бөлігі.
Сарапшының сөзінше, соңғы жылдары АҚШ доллары геосаяси құралға айнала бастады. Санкциялық тәуекелдердің күшейгені белгілі. Осыған байланысты көптеген ірі елдер өзара сауданы ұлттық валюталар арқылы жүргізуге көшіп жатыр.
«Қазақстанның юаньмен есеп айырысуға бет бұруы – бұл қорғаныс емес, бейімделу саясаты», – дейді экономист.
Бұл бағыттың ресми негізі де бар. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қытай Халық Банкі арасында юаньмен өзара есеп айырысуды дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат юаньді трансшекаралық есеп айырысуда қолданудың институционалдық негізін қалыптастырды.
Қытай факторы және экономикалық логика
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі.
Қытай – Қазақстан үшін ірі импорт көзі, негізгі инвестициялық серіктестердің бірі әрі транзит пен логистика саласындағы стратегиялық әріптес.
Осы тұрғыда юаньмен есеп айырысу доллар тапшылығы тәуекелін азайтады, сыртқы төлем балансын техникалық тұрғыда жеңілдетеді және бизнеске ұзақ мерзімді келісімшарттарды сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы үрдісті қаржы нарығындағы статистика да жанама түрде көрсетеді. Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылы валюта нарығындағы сауда-саттық көлемі 51,2 трлн теңгені құраған. Бұл валюталық операцияларға сұраныстың айтарлықтай артқанын білдіреді.
Сауда құрылымына әсері
«Юаньді енгізу сауда құрылымының сапасын өзгертеді», – дейді Бауыржан Ысқақ.
Оның айтуынша:
- Қытаймен жасалатын келісімдердің басым бөлігі ұзақ мерзімді форматқа көшеді;
- алдын ала төлем тәжірибесі кеңейеді;
- валюта айырбастау шығындары қысқарады;
- шағын және орта бизнес үшін Қытай нарығына шығу жеңілдейді.
Яғни бұл тетік тек ірі корпорациялар үшін емес, орта деңгейлі экспорттаушылар үшін де маңызды құралға айналуы мүмкін.
Юань мен доллардың айырмашылығы
Сарапшы юаньнің басты ерекшелігіне де тоқталды.
Юань – басқарылатын валюта. Бұл оның күрт құбылмалылығы төмен екенін білдіреді. Ол Қытай экономикасының ішкі логикасына тәуелді және алыпсатарлық тәуекелдері салыстырмалы түрде аз.
Алайда бірқатар шектеулер де бар:
- Қазақстанда юаньмен хеджирлеу құралдары әлі толық дамымаған;
- қаржы нарығының тереңдігі доллармен салыстырғанда әлсіз.
Теңгеге әсері қандай?
«Юаньмен есеп айырысу теңгені әлсіретпейді. Керісінше, доллар қысымы азайып, сыртқы төлемдер теңгерімді бола бастаса, бұл теңге үшін психологиялық тұрақтылық факторы болады», – дейді экономист.
Сонымен қатар ол:
«Юань теңгенің орнын баспайды. Ол тек сыртқы саудада қолданылатын құрал болып қалады», – деп нақтылады.
Ұлттық банк пен банктердің рөлі
Экономистің айтуынша, Ұлттық банк үшін бұл – резервтерді әртараптандыру, валюталық тәуекелдерді басқару және көпвалюталы модельге көшу тәжірибесі.
Ал екінші деңгейлі банктер үшін юаньмен депозиттер мен шоттар ашу, Қытай банктерімен тікелей байланыс орнату және қаржы технологияларын бейімдеу мүмкіндігі бар.
Дегенмен, кадрлық тәжірибе мен сенім факторы әлі де қалыптасу кезеңінде екенін атап өтті.
Бұл доллардан бас тарту емес
Бұл қадамды доллардан толық бас тарту деп түсіну – қате. Қазақстан Батысқа да, Шығысқа да ашық саясат ұстанатын мемлекет. Юань – геосаяси таңдау емес, сауда логистикасының нәтижесі ғана.
Юаньмен есеп айырысудың инфляцияға тікелей әсері жоқ. Алайда жанама түрде:
- импорт бағасының күрт ауытқуын азайтады;
- жеткізу тізбегін тұрақтандырады;
- кейбір тауарлар бойынша баға болжамдылығын арттырады.
Ал ішкі инфляцияның негізгі себептері бұрынғыдай ішкі сұранысқа, тарифтерге және бюджеттік саясатқа тәуелді болып қала береді.
Қауіптері мен шектеулері
Экономист бірнеше тәуекелді атап өтті. Қытай экономикасының баяулауы дамушы елдер үшін елеулі қауіп тудырады. Сонымен қатар юань толық еркін айналымдағы валюта емес және бір серіктеске шамадан тыс тәуелділік қаупі бар.
«Сондықтан юань басым валюта емес, тепе-теңдікті сақтайтын құрал болуы тиіс», – дейді сарапшы.
3–5 жылдық сценарий
Болжам бойынша, алдағы 3–5 жылда Қытаймен сауданың 20–30 пайызы юаньмен жүргізілуі мүмкін. Логистика, шикізат және өнеркәсіп салаларында оның қолданылуы кеңейеді, алайда ішкі нарықта рөлі шектеулі болып қалады. Толық доминант валютаға айналуы екіталай.
«Юаньмен есеп айырысу – экономиканы құтқаратын құрал емес. Бірақ ол тәуекелдерді азайтып, икемділікті арттыратын механизм. Бұл Қазақстанға экономикалық саясаттың сапасын көтеруге, өндіріс пен экспортты дамытуға және қаржы нарығының тереңдігін күшейтуге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді экономист Бауыржан Ысқақ.

