STEPPENEWS.KZ: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін қайта жұмысын бастайды. Музейге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барды.
Мемлекет басшысының қолдауымен қысқа мерзімде кешенді жаңғырту жүргізілді. Жобаның басты мақсаты – өнер туындыларын сақтау мен экспозициялау үшін заманауи жағдай жасау.

Аида Балаева жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Музейдің ішкі бөлмелері мен шатыры жаңартылды. Еден жабындары ауыстырылды. Инженерлік жүйелер жаңғыртылып, климаттық бақылау жүйесі орнатылды. Соның нәтижесінде еліміздің басты көркем галереясы халықаралық стандарттарға толық сай болды. Музей енді халықаралық деңгейдегі көрме жобаларын өткізуге дайын.
Жаңғырту барысында музей экспозициялары да жаңартылды. Көрерменге қазақстандық және әлемдік өнер туындыларымен қатар жаңа бөлімдер ұсынылды. Олардың қатарында график-суретші Евгений Сидоркиннің шығармалар көрмесі бар. Сонымен бірге «Қазақ өнеріндегі әйел бейнесі» экспозициясы, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі өнер бөлімі және ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы шетелдік өнерге арналған жаңа бөлім ашылды.

Айта кетейік, музейдің қайта ашылуы оның 90 жылдығымен және 1976 жылдан бері орналасқан ғимараттың 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Жаңғырту жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Жөндеу жұмыстары мемлекеттік органдардың, музей ұжымының және серіктес ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі болды. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Senim Qogamy» қоғамдық қоры бар.

